• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Сәуір, 2018

Журналистиканы жетілдіру –  маңызды міндет

382 рет
көрсетілді

Қазіргі ақпараттық тасқынның толассыз кезінде жоғары білікті журналист кадрларының жетіспеушілігі сезіліп отыр. Кейбір отандық телерадиоарналар бағдарламаларының сапасы көпшіліктің көңілінен шықпай, өткір сындарға ұшырап жүргені де соның айғағы. 

Мемлекет басшысы ұсын­ған «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­мас­ын жүзеге асыруда бұқаралық ақ­парат құралдары маңызды рөл атқаратындығын ескере оты­­рып, журналист кадрларды даяр­­лаудың сапасын артты­ру мә­се­лесін күн тәртібіне шыға­ра­тын кез жетті деп санаймыз. Осыған орай Премьер-Министрдің орынба­сары Е.Досаевқа депутаттық сау­алмен мынадай ұсыныстар жолдадық:

1) Болашақ журналистерді даярлайтын негізгі оқу орындары болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н. Гу­милев атындағы ЕҰУ жур­налистика факультеттерінің әлеу­еттерін барынша толық та, тиімді пайдалану қажет. Атал­­ған факультеттер рухани жаң­ғы­ру қозғалысының алғы шеб­і­нен көрініп, мемлекеттік ақ­па­рат­тық саясатты табысты жү­зе­ге асыратын қоғамдық пікір көш­бас­шыларын даяр­лайтын, бір кез­де­гідей беделі өте жоғары, эли­талық дең­гейдегі журналист кадр­лар ұс­таханаларына айналдырылса артық болмас еді. Олар ең алдымен мемлекеттік БАҚ-тарға және мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтеріне қажетті жоғары білікті маман кадрларды даяр­лауға мамандандырылғаны жөн деп білеміз. Осыған орай атал­­ған университеттерге «Жур­на­л­истика» мамандығы бойынша мем­лекеттік білім беру гранттарын мақсатты түрде бөлу тетігін қа­растыру қажет.

Бұған қоса, жоғарыда аталған екі ұлттық университеттің жур­на­листика факультеттері мен мем­­лекеттік ақпарат құрал­да­ры­­ның арасындағы байланыс ба­рын­ша нығайтылып, болашақ жур­налистердің өндірістік практи­ка­дан өтуі жүйелі түрде жолға қойы­лса игі. Бұл мемлекеттік БАҚ-тар басшыларының дарынды жас журналистерді дер кезінде та­­нып-біліп, жұмысқа қабылдап, шы­­ғармашылық ұжымдарды тың күш­пен нығайтуларына мүм­кін­дік берер еді;

2) Қазір елімізде 2547 газет пен журнал, 115 телеарна, 65 ра­дио, 196 ақпарат агенттігі мен же­­лілік басылым бар. Оларға қоса, орталық және өңірлік атқа­ру­шы органдардың баспасөз қыз­меттеріне де білікті журналист­ер қажет. Бүгінгі күні жұмыс бе­рушілер «Еңбек» электронды ең­бек биржасы арқылы өздерінде бос тұрған 133 журналистік қыз­мет орнын ұсынып отыр. Шын мәнінде білікті журналистерге сұраныс одан да көп екендігі анық. Сондықтан да «Жур­налистика» мамандығы бойынша бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттары санының жылдан-жылға кемітілу үрдісімен келісу қиын. Мәселен, 2016-2017 оқу жылына 90 грант бөлінген болса, үстіміздегі оқу жылында оның саны 70-ке дейін азайтылған. Осыған орай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі республикадағы БАҚ-тардың және мемлекеттік органдардың бас­­пасөз қызметтерінің білік­ті журналист кадрларына сұра­ныс­тарын нақты зерттеп біліп, «Журналистика» маман­ды­ғы бойынша бөлінетін гранттар санын көбейту жөнінде ұсыныс әзірлегені жөн;

3) Қазіргі кезде жоғары оқу орындарын бітірген жас журналистер аймақтарға барғылары кел­мей, көпшілігі қалаларда қа­лып жүр. Соның салдарынан, әсі­ресе солтүстік өңірлерде аудан­дық газеттерді, негізінен, жаст­а­ры алпыстан асып, жетпіске жа­қ­ындаған қарт журналистер шығарып жүр. Алдағы уақытта олардың орындарын кімдер басатынын ойластырғанымыз абзал. Сондықтан да аудандық газеттерге жұмысқа орналасуға келісім бере­тін жас журналистерді «Дип­ломмен – ауылға!» әлеу­мет­тік бағдарламасына енгізуді де ұсынамыз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Мәжіліс депутаты